Размер шрифта
Цвет сайта
Изображения

Батыс Қазақстан облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы

«Жастар керуені» ақпараттық-түсіндірме тобы аудандарда!

26 Желтоқсан 2019

Биыл алғаш рет Батыс Қазақстан облысында БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен, «Jas Otan» жастар қанатының ұйымдастыруымен «Жастар керуені» жобасы жүзеге асырылды.

Жобаның негізгі мақсаты – ауыл жастарының әлеуетін арттыру. Соңғы кездері ауыл жастарының ауылдық жерде тұрақтап қалуы үшін түрлі жобалар іске асып, көптеген жұмыстар атқарылуда. Жастар керуені жобасының міндеті –түрлі сала мамандарымен ауыл жастарымен кездесулерін ұйымдастыру, мотивациялық-диалогтік алаңдар қалыптастыру, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру және оны жетілдіру бағытында ұсыныстар жинақтау.

Жастар жылы аясында оздырылған керуен 15 шілде күні облыс орталығы Орал қаласынан басталып, алғашқы сапарын Казталов, Жәнібек, Бөкей Ордасы және Жаңақала жол тартты. Одан соң керуен сапары қалған 8 ауданда жалғасып Бәйтерек ауданымен қорытындыланды.

Керуен құрамына жас кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер, тренер- психолог мамандар, білім саласының мамандары, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының маманы, мемлекеттік емес ұйым өкілдері, пікірталасшылар кірді.

Аудан орталықтарында кәсіпкерлік бағытында, команда жасақтау және психологиялық бағыттағы семинар-тренингтер өткізіліп, дебат ойыны, «Street workout», панна және футболдан фристайл шеберлік сағаттары көрсетілді. Бұдан бөлек, облысымыздан талантты жастары да керуен құрамына кіріп, аудан жастарының қатысуымен мерекелік концерттер ұйымдастырылды. Концерт бояулар фестиваліне жалғасып,  шара соңы би кешіне жалғасып жастарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Арман Бектеміров, ауыл жасы: «Жастар керуені» жобасы жастар үшін өте қажетті жоба деп ойлаймын. Мемлекеттік бағдарламалар жөнінде ақпараттар алдық, шеберлік сағаттарына қатысып, көңіліміз бір серпіліп қалды. Ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз.

«Jas Otan» жастар қанатының БҚО филиалы төрағасы Нұрғали Жолдасқалиевтың айтуынша - Ауыл жастары осындай бағыттағы іс-шаралар ауылдық жерлерде көбірек өткізілгенін қалайды. Себебі, жастарды әрқашан назарымыздан тыс қалдырмау өте маңызды. Жастармен еркін алаңдарда кездесу, семинар-тренингтер өткізу, концерттік бағдарламалар ұйымдастыру арқылы олардың қоғамдық іс-шараларға қызығушылығын тудырып,  белсенділігін арттыра аламыз. Керуен жұмысы қаламыздың жоғары және арнаулы оқу орындарында жалғасын тапты.